Балабақшадағы «Отбасы күні»

Отбасы – әр адамның өміріндегі ең қымбат қазына. Бала ең алғаш сүйіспеншілікті, қамқорлықты, сыйластық пен мейірімділікті отбасында үйренеді.

№1 топта ең жақын әрі аяулы жандарға арналған «Отбасы күні» тақырыптық іс-шарасы өтті.

Топ тәрбиеленушілері өз отбасылары туралы үлкен қызығушылықпен әңгімеледі: отбасында кімдер тұратынын, ата-аналарының немен айналысатынын, үйлеріндегі отбасылық дәстүрлер жайлы айтып берді. Әр бала анасы, әкесі, аға-әпкелері, бауырлары, ата-әжелері туралы мақтанышпен, ерекше ықыласпен әңгімелеп, өз жақындарына деген сүйіспеншілігін білдірді.

Іс-шараның жалғасында балалар шығармашылық тапсырма орындады. Олар өз отбасыларының суретін салып, суреттері арқылы сүйіспеншілік пен қамқорлықты, бірге өткізген бақытты сәттерді бейнелеуге тырысты. Барлық жұмыстар жарқын, әсем әрі балалардың шынайы сезімдеріне толы болды.

Осындай іс-шаралар балалардың отбасына деген құрметін арттырып, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және жақын жандарын қадірлеуге тәрбиелейді.

Отбасы – бізді әрдайым жақсы көретін, түсінетін және асыға күтетін ең жылы мекен!

27.07.2026

Қаралым саны: 0